«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды

«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды

Биыл жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы еліміз бойынша бір ай бұрын ерте басталды. Оған себеп, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес көмекке мұқтаж отбасы балалары барынша ерте қамтылуы тиіс. Осыған байланысты облыс әкімінің 5 шілдеден бастап «Мектепке жол» акциясын өткізу туралы өкімі шығарылды. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова баспасөз-мәслихатында өткен жиында айтты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу.

Игі шара барысында көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, киім-кешек, мектеп керек-жарақтарымен және кеңсе тауарларымен толық қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күнде жетісулық 770 оқушыға 9 млн көлемінде демеушілер тарапынан көмек көрсетілді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, жыл сайын шараның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілер мен меценаттардың қатары артып келеді. Мәселен, былтыр облыс бойынша 36 мыңнан астам бала қайырымдылық көмек алған. Дені — демеушілер тарапынан көрсетілген. Айта кетсек, шара 30-шы қыркүйекке дейін жалғасады.

-Жалпы, бұл акция 2002 жылдан бері қолға алынған. Тек қана демеушілер емес, облысымыздың 26 басқармасы да бір-бір балаға көмек көрсетуде. Биыл да акция жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын.Себебі, қол ұшын беремін деген азаматтар өте көп, -деді Жаңыл Сүлейменова

Талғар-ақпарат