Ана тілінің қадір-қасиетін жете түсініп, оның әдемі иірімдерін таныту өркениетті елдерге тән құбылыс. Өз тілін, дінін, салт-санасын қадірлемеген адам толық зиялы бола алмайтыны хақ. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңының талаптарына сәйкес рәсімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы басталды.
Аудан көлемінде бастау алған шара маусым-тамыз аралығын қамтиды. Акция қорытындысы қыркүйек айында шығарылады. Сондықтан да, сауатсыз жарнамаға жол жоқ. Рейд барысында жасалған ескертулер мен түзетулер уақытылы орындалмаса, құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар қолданылатын болады. Сондықтан да акцияға салғырт қарап, мемлекеттік тілімізді құрметтемеген азаматтарға еркінсудің қажеті жоқ.
Деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарының тіл нормаларына сәйкес ресімделуін анықтау мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен рейдтік зерделеу жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл жолы қаламыздағы Абай және Ломоносов көшелерінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орындарына барып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы бақыланып, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Алайда, алғашқы анықталған кемшіліктерді жою үшін мекеме иелеріне ескерту жасалды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттардың мәтіндерінің қандай ретпен және қандай өлшемдегі әріптермен жазылатындығына толық мағлұмат берілді. Нысан иелеріне аталмыш олқылықтарды жою үшін 10 күн уақыт берілді.
Келесі күні аудан әкімінің өкімімен бекітілген жұмыс тобы акция аясында қаламыздағы Т.Бокин көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орындарына зерделеу, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында кеткен кемшіліктерге нысан иелерінің сұранысы бойынша 10 күн уақыт беріліп, жадынама таратылып және логотиптері ілінді. Осы түсіндіру жұмыстарынан кейін түзетуді қажет ететін көрнекіліктерін дереу сол сәтте алып заңға сәйкес, қайта іліп жатқан нысан иелері де кездесті.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Өз тіліңнің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай» деген даналығы бар. Бүгінгі таңда күн тәртібіндегі алғашқы мәселелердің бірі де – осы тіл мәселесі. Тіл – ұлттың жаны. Сол үшін ана тілінің мәртебесін көтеру – бәріміздің азаматтық парызымыз.
Перизат Нұрқаева,
ТалғарАқпарат