Балалар қауіпсіздігі маңызды

Балалар қауіпсіздігі маңызды
Кеше Талғар қаласында «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында  «Балаларға арналған қауіпсіз және ыңғайлы инфрақұрылым» акциясы өтті,-деп хабарлайды ТалғарАқпарат тілшісі.
Аталмыш шараның мақсаты – отбасы мен балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық шараларды нығайту, отбасы мен балалар құқықтарын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Игі шараға аудандық «Нұр Отан» партиясының кеңесшісі Сақыпжамал Үскібаев бастап, аудандық мәслихат депутаты Серік Құрақпаев, аудандық электр торабының жедел тобының меңгерушісі Төлеу Бұралқы, аудандық ішкі істер басқармасының капитаны, Н. Оспанов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжанов және аудандық «Талғар су» МКК-і мен аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысты.

         Акция негізінде көшелердің шамдармен жабдықталуын, жол жөндеу жұмыстарының сапасын, мектеп, балабақша, үй ауласындағы орналасқан кәріз су жүйелеріне қарасты құдық қақпақтарының қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайын, электр трансформаторларының қауіпсіздігінің сақталуы тексерілді. Бала қауіпсіздігі — бүгінгі таңдағы өте маңызды мәселе. Бүгінгі кәріз жүйелері құдығының қақпақсыз жатуы мен электр трансформаторларының қауіпсіздігінің сақталмай отырғаны қоғамды қатты алаңдатып отыр. Өйткені күнделікті теледидар мен әлеуметтік желілерде оқыс оқиғалардың орын алып, балалардың құдыққа түсіп немесе электр тоғына арандап көз жұмып жатқанынан хабардар болып та жүрміз. «Қамдансаң қапы қалмайсың» дегендей осындай келеңсіздіктердің алдын алып, жұмыла жұмыс жасаудың оң нәтиже берері анық.

 

Қазіргі таңда аулаларда 1600-ге жуық электр торабы бар. Олардың арасында жеке тұрғындар есебінен қойылғандары да бар. Аудандық электр торабына қарасты трансформаторлардың барлығының дерлік қауіпсіздігі сақталған десек те болады. Ал жеке меншіктегі трансформаторларды қадағалау кімнің құзырында екені анық емес. Енді кәріз құдықтарының қақпақтарына келер болсақ, бұл да үлкен мәселе. Аудандық «Талғар су» мекемесі мамандарын да алаңдатып отырғаны кәріз қақпақтарының жоғалуы. Темір қақпақтарды ұрылар түрлі-түсті металға өткізіп, нәпақа жасап келеді. Тәртіп сақшыларына қанша арыз-шағым жасалса да бұл ұрылардың бұл әрекеті тоқтаған емес. Ал ашық жатқан кәріз жүйесінің балалар өміріне қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Аудан бойынша 54 балалар ойын алаңы бар болса,  оның 6-ы толық жабдықталған. Ал 48-і жабдықталмағаны белгілі болды. Рейд барысында қаламыздағы бірқатар көшелер мен көп қабатты үйледің аулалары тексерілді. Кейбір аулаларда кәріз құдықтарының қақпақтары бар болса, кейбірінде тіпті ашық-шашық жатты. Бұл мәселені жауапты мекеме барынша қолға алып, қақпақтарды қайта жапқанымен әлі де жымсыма қолдардан келетін қауіп азаймай отыр. Бұл мәселемен қоғам болып күрескенде ғана оң нәтиже аларымыз сөзсіз.

Бұл рейд барысында тағы бір ескерілген мәселе көше бойларына жиі қойылған жылдамдықты тежеу жолақтары. Ондай жолақтар әсіресе Есімхан көшесінде жиілете қойылыпты. Тұрғындардың өз еріктерімен қойған жолақтар бір жағынан балалар қауіпсіздігі үшін тиімді болса, екіншіден көліктерге зиян келтіретін жағы да бар. Құрылған рейд тобы көше тұрғындарымен кездесіп, аталмыш жолақты тек құзырлы оргадардың келісімен, заңға сүйене қойғаны дұрыс екенін ескертті.
Рейд барысында анықталған кемшіліктерге орай ескертулер жасалып,  халықтың пікіріне құлақ түріп, олардың да талап-тілектері ескерілді.
 
Дархан Әук  
«Талғар».