Отырыстың өзегі – олқылықтарды болдырмау

Отырыстың өзегі – олқылықтарды болдырмау

«Біздің жұмыстың басты бағыттарының бірі халықпен және азаматтық қоғаммен тығыз байланыс орнату. Осы орайда Қоғамдық кеңестің атқаратын рөлі үлкен маңызға ие болып отыр. Өйткені мемлекеттік қызметтердің ашықтығына қол жеткізілді. Кеңес жұмысы билік пен қоғам арасындағы байланысқа арқау болды». Аудан әкімдігінің кіші залында өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жиналыс төрағасы Қалимолда Байболов сөзін осылай бастады.

Бұл жолғы отырыс ауқымды түрде өткізілді. Бірден жеті мәселені күн тәртібіне қойған кеңес биылғы жылы қолға алынар маңызды деген бірқатар жобалар жайында да сөз сабақтады.
Жиналысты ашық деп жариялаған кеңес төрағасы қатысу­шыларды таныстырып, кеңес мүшелерінің алдына қойыл­ған келелі мәселелерді атап шықты. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделгенін бұған дейін де жазып жүрміз. Осы жолғы отырыс та сол төңіректен ауытқыған жоқ. 2019 жылдың 5 айлық қорытындысы және жыл соңына дейінгі жоспары туралы сөз алған Шыңғысхан Маманов аудан әкімінің орынбасары ретінде өз міндеті бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап берді. Жауапты ведомствоның өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, аталған уақыт аралығында халық наразылығын тудырған мәселелер болса да дер кезінде оң шешімі табылған екен. Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Едгар Лесхановтың 2018 жылғы салық көлемі мен 2019 жылғы негізгі міндеттері туралы жасаған баяндамасы кеңестің екінші қараған есебі болды. Дөңгелек цифрлардың жұмсалу мақсаты нақты баяндалған соң да тыңдаушылар тарапынан сұрақ туындаған жоқ. Ал аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Досжановтың «Алматы – Талғар – Евгеньевка» республикалық тас жолын кеңейту жөніндегі хабарламасы қызу талқыға түсті. Өйткені жобаны орындау барысында халықтың талап-тілегін ескеру де маңызды қадамдардың бірі. Бұл мәселе алдағы кеңес отырысында тағы да талқыға салынатын болып шешілді.

Жазғы демалыс кездерінде кәмелетке толмағандардың тәртібі қатаң бақылауға алынатыны белгілі. Осы уақыт жасөспірімдер арасындағы қылмыстың белең алатын әрі өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің өршитін кезеңі болғандықтан ата-ана тарапынан да қатаң жауапкершілік қажет. Осы жөнінде сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Садвакасова мен ювеналды полиция тобының аға инспекторы Айгүл Бейсенбаева аталмыш мәселелерді шешу үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен іс-шаралар туралы толыққанды айтып берді.

Аграрлы өлкелердің біріне жататын Талғар ауданының ауылшаруашылық саласы айтарлықтай өзгерісті қажет ететін секілді. 2018-2019 жылдарға арналған субсидия беру тәртібін осы саламен айналысып жүрген кәсіпкерлерге тыңғылықты түсіндіру керек. Баяндама желісін осы төңірекке ойыстырып, жан-жақты айтып шыққан аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ермек Толқынов алдағы уақытқа жүйелі жоспар бекітетінін жеткізді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша «Талдау» тобының жұмысын баяндаған орталық аудандық аурухананың бөлім басшысы Қарлығаш Қуатбекқызы жиналғандарды маңызды ақпараттармен құлақтандырды.

Жиын соңында сөз алған кеңес төрағасы Қалимолда Байболов жоғарыда айтылған ауқымды жұмыстар төңірегінде нәтижелі іс атқарылу керектігін жеткізді. Артынша қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан баяндамашылардың есептері негізінде қызметтеріне баға беру туралы қарар қабылданды.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».