ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ – ТАЛҒАРЛЫҚ ҚҰРМАНБЕК

ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ – ТАЛҒАРЛЫҚ ҚҰРМАНБЕК

Өткен аптада қаладағы Д.А.Қонаев атындағы колледждің спорт кешенінде грек-рим күресінен «КСРО спорт шебері» атанып, көзі тірісінде облыстық Жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде директордың оқу ісі- жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған, Талғар ауданы спортына өз есімін алтын əріптермен жазып кеткен, марқұм Бақыт Абдулинді еске алуға арналған турнир биыл 14-ші рет жалауын көтерді. Жарысқа облыс аймақтарынан 17 команда келіп, 200- ден астам грек-рим шеберлері боз кілем үстінде күш сынасты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Бақыт Абдулиннің тұңғыш бапкері, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы», спорттық ғұмырында Талғар ауданынан 28 КСРО спорт шеберін дайындап шығарған Анотолий Федорұлы Никифоров жəне Бақыттың көзін көрген əріптестері мен туған- туыс, бауырлары саңлақ спортшы туралы естеліктер айтты.

Екі күнге созылған жарыс өте тартысты өтті. Ең алғаш боз кілемге көтеріліп, əр салмақ дəрежесі бойынша күш сынасқан 2006-2008 жылы туған балуандар бəсекесінде: Нұрым Сырымұлы (21 келі Талғар), Əмірқұл Дінмұхамед (25 келі), («Шаңырақ» спорт клубы), Еркебұлан Қадыров (28 келі
«Шаңырақ»), Қасымбек Нұрғанат (32 келі, Талғар), Мұхамедрахым Өмірбек (35 келі Жаркент), Мырзабек Дамир (38 келі, Талғар), Амангелді Əлімбек (42 келі, Ақсу ауданы), Дүйсенғали Ерасыл (46 келі, Көктал), Татаров Мұхамед (50 келіден жоғары, Қарасай ауданы), сынды балалар «чемпион» атанып, жеңіс тойын тойлады.

2003-2005 жылы туған грек-рим күрес шеберлерінің сайысы да өте қызықты өтті. Жас балуандар жеңіс үшін барларын салып, боз кілем үстінде қым-қиғаш айқас өткізді. Осы бəсекелерде өте шебер күрескен: Өстемір Абылай (41 келі, Жаңа дəуір), Джавид Қуаныш (44 келі, Рысқұлов ауылы), Қарсыбай Алтынбек (47 келі, Тұздыбастау), Ернар Құсайынғазиев (51 келі, Талғар), Құрманбек Ілияс (57 келі, Талғар), Ильхам Құрбанжан (62 келіден жоғары, Тұздыбастау) деген балалардың бағы жанып, турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Осы жарыста өте шебер күресіп, көп ұпай жинаған Талғар ауданының балуандары (бапкері Б.Ұзақов) командалық есепте бас бəйгені иемденді. Екінші орынға Алматы қаласының «Шаңырақ» мөлтек ауданының спортшылары, ал жүлделі үшінші орынды Тұздыбастау ауылының жас шеберлері ие болды. Осы турнирде өте жақсы белдесіп, 57 келі салмақта топ жарған талғарлық Құрманбек Ілияс деген балаға «Бақыт Абдулин» атындағы арнайы сыйлық табыс етілді. Сөйтіп, 14-ші рет жалауын Бақыт Абдулин турнирі өз мəресіне жетті.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».