18 тамыз — спорт күні
Талғар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 1976 жылы құрылған. Қазіргі таңда Талғар спорт мектебінде 56 мұғалім –жаттықтырушы және 27 қосымша штаттағы мамандар жұмыс істейді. Бұл күндері спорт мектебінде 1408 оқушы спорттың 16-түрімен айналысады.
2019 жылы спорттың білектесу, ушу-санда және күрес түрінен 11 бала «Қазақстанның спорт шебері» атанса, 91 оқушы «Спорт шеберлігіне үміткер» атанды. Олар әлем, Азия чемпионаты, Азия кубогы мен Қазақстан біріншіліктерінде жеңімпаз атанып, жүлде алды. Атап айтар болсақ, білектесу спортынан Эльвира Нигматова, Захар Сибриков, ушу-сандадан Айым Молдажан, Меруерт Мұхаметжанова, грек-рим күресінен Ербол Камалиевтер әлем, Азия біріншіліктерінде көрінген балалар. Дзю-до күресінен Алина Иманкулова, Мұхамед Сатыбалды, самбо күресінен Ерсұлтан Жорабаев, джиу-джитсу күресінен Кахар Сабрина, Айым Рамазан, Ислам Асманов, каратэ-додан Аружан Тоқтар, таеквандо спорт түрінен бапкер Нұрлан Байчоровтың шәкірттері Рима Нұрлан мен Диас Срапилов, Серік Диас сияқты балалар халықаралық жарыстардан жүлде теріп жүрген спорт жұлдыздары. Жаттықтырушы Тимур Талғатұлының волейболшы қыздары: Айсұлу Мұхтарқызы, Алуа Елесбекқызы, Әсемай Сембаева, Лаура Қабылбекова, Виктория Кривомазова, Надежда Щевченколар Қазақстан чемпионаты мен Алматы облысының чемпионы атанып жүрген үздік спортшылар. Еркін-күрес түрінен Талғар балуандары Нұрақын Бекзат, Тәжібай Дәулет, Совет Абылай сияқты балалар халықаралық турнирлерде көзге түсуде. Грек-рим күресінен жас балуан Ербол Камалиев Болгария мемлекетінде кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, Талғар қаласының абыройын биікке көтерді.
Алдағы күндерден де күтеріміз көп. 2019 жылдың 15-25 тамыз аралығында ушу-санда спортынан Бруней қаласында өтетін Азия чемпионатында Талғар спорт мектебінің оқушысы Ильхам Джапаров бақ сынайтын болса, осы жылдың 16-24 қазан күндері Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында ушу-сандадан өтетін әлем чемпионатында Талғар спорт мектебінің шәкірттері Меруерт Мұхаметжанова мен Ядикар Ануаровтың Қазақстан намысы үшін татами үстіне шығатыны біз үшін мақтаныш.
Алдағы қыркүйек айының 12-16 күндері Үндістан мемлекетінің Дели қаласында самбо күресінен жастар арасындағы Азия чемпионатында 64 келі салмақтағы Ақмарал Серік деген шәкіртіміз бен 87 келіден жоғары салмақта боз кілемге шығатын Ерсұлтан Жорабаев деген балаларымыздан көп үміт күтеміз. Қараша айының 12-18 күндері Біріккен Араб Эмиратының Абу-Даби қаласында үлкендер мен жастар арасында джиу-джитсу күресінен әлем чемпионаты өтеді. Міне, осы сында Талғар намысын қорғайтын Кахар Сабрина, Мугдан Джамалдинов және Равиль Кашиев, Найл Алкамовтың жолдарына үлкен үмітпен қараймыз. Өткен жыл біз үшін табысты болды. Алматы облысы бойынша 40-тан астам балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында Талғар спорт мектебі биік жетістіктерді бағындырғаны үшін І-дәрежелі «Диплом» мен Кубокпен марапатталды. Біз алдағы уақытта да Талғар спортын биікке көтеретін боламыз.
Серік Құрақпаев,
аудандық жасөспірімдер
спорт мектебінің директоры.